Блог им. zhadraaubakirova Өкініш өзегі

Осы бір көрініс көз алдымнан әлі кетпейді, балалық шағымның жарасындай әлі жадымда сақтаулы. Бала санасы көрген жаманшылығын, оған жасалған қияметті ұзақ сақтай алады екен. Бірақ менің ойымда ешқандайда кек алу болған жоқ. Тек балғын балдәурен шаққа өз кіршігін қалдырып кеткендігі болмаса.




Сол күні әкем жалақысын алып, сөмке-сөмке тамақ, шұжық, дәмді кәмпиттер, жеміс-жидек, киім-кешек алып, қайдасың қайран ауылым деп, отбасын ертіп демалысқа ауылға аттанып кеткен еді. Ауылымыз алыста болмағанымен, далада қарашаның қоңыр лебі сезіліп тұрды. Бұл бізге деген белгі екендігін де байқамаппыз, осы қоңыр жел ертеңгі күні жанымызға жара салатындығын кім білген? Мүмкіндік туып қалада қалғанда осының ешқайсысына жол берілмеуі мүмкін бе еді? Бірақ болған іс болды, бояуы сіңді демейді ме. Үйге кірсек шуылдаған бала-шағамен атамыз үйде жалғыз отыр екен, басқалар болса жұмыста. Елгезек менің анашым кешкі ас дайындап, барлығымызды тамақтандырды. Ойын баласы ойын қуып, асыр салып кеттік. Ал атамның көзіндегі мұңды ешкім байқамады. Тұнық жанардан өкініш, реніш, күйзеліс сезіледі. Дегенмен сыр білдірмей отырды. Бала болғандықтан ба, әлде жиі қатынап, осы ауылдың қара топырағына аунап өспегендіктен бе, бұл жер де, ағайын да, туған атам да маған салқын көрінетін.
Түн ішінде үйде қатты-қатты, шулы дауыстар естіліп, мазамыз қашты. Үлкендердің айқайы құлақ жарып, үлкен дауылдың басталғандығын сездім. Жеңгеміз Әсияның араққа сылқия тойып алғандығы, Дайрабайдың көк сиырының зарындай құлаққа түрпідей естілді. Бізге көрсеткен бар өнері мен тәрбиесі сол болғанға ұқсайды. Біздің келгенімізді жақтырмады ма, әйтеуір құтырған иттей көк көбік шашып, қабағы келмеген күйі үйден қуып шықты. Барлық ауыл ұйықтап жатыр екен, сағат тілі таңғы төрттің кезі. Табиғат та бізбен бірге жылап тұрғандай, дірдектеген күйі қалаға баратын жолда үш сағат тұрдық, қалтамызда соқыр тиын да жоқ. Автобус жүргізушісі атамның танысы екен, қалаға тегін жеткіз деген өтінішін жерге тастамады. Таяғына сүйенген күйі атамыз қол бұлғап қала берді.
Арада біраз уақыт өтті. Ер жетіп үлкен сапарда тынбай еңбектеніп, болашаққа деген зор үмітпен биік белестерді бағындырып келеміз. Атамыздың арамыздан кеткеніне талай жылдың жүзі болды. Бірақ сағыныш деген құдіретті күш әрдайым қасымызда, осы жылдар аралығында бірде-бір рет түсіме кірмеді, бұл дүниенің талай қиындығын көрген атамыз, жұмақ төрінде жан рахатын тапқанға ұқсайды. Ал кейде жеңгемізді көргенд оған аянышпен қараймын, жұртқа жасаған қияметі өзіне тиіп жатқандығын байқамайды. Бір айтарым кісіге жамандық жасама, ол әлбетте алдыңнан шығады.

1 комментарий

avatar
Прозалық шығармаларымның тұрақты оқырмандары болыңыздар!
Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.