Блог им. zhadraaubakirova Мәңгі бала махаббат!!!

Бұл ауыл мені тек үш нәрсемен байланыстырады, бұл әрине, атам, әжем және ол. Ол – тек өзіме жақын, ыстық, алғашқы сезімнің бүр шашқан кезі еді. Оның үлпілдеген сары шашы желмен ойнап, екі көзі жымын тартқан уақытта, ерекше бір сезімге бөленетінсін. Біздің үйдің жанынан оның үйінің шатыры ғана көрініп тұратын.





Сол шатыр бір алынбас қамалдай, алыстағы таудай көрінетін. Әжем дүкенге жіберген уақытта, көшені жарып өтіп, сол үйдің маңынан өтуге тырысатынмын. Бәлкім, ол мені кезігер, сәлемдесер деген үмітпен. Осы ауылға барғанда жанға жылулық беретінде осы бала сезімнің естелігі еді.
Бүгін 2006 жылдың жиырма бесінші мамыры, қолыма үздік оқу жылын аяқтады деген мақтау қағазын алып, қуанышымда шек жоқ, бірінші ой ауылға жету. Дүниедегі ең асылдарым, құрмет тұтар тұлғаларым атам мен әжеме көрсету, содан соң әрине оған. Осы уақытта ауылға автобус қатынап жүретін кез, келесі күні әжемнің сапырған қымызын ішіп, бауырсағын жеп жаттым. Күн ұясынан тұрған шақта ағатайға ілесіп жылқы шарбағына бардым. Алғашқы ойым оны көру, бірақ оны таба алмадым, сағым сынып үйге қайтып кеттім. Кешкілік уақыт бала болған соң доп қуып кең дала төсіне шықтық, көрдім, дегенмен көңілім құлазып кетті. Өз достарымен ойнап жүр екен, әлде мені байқамаған болар. Қаладан жазғытұрым келіп жүргендіктен, ауыл қыздары мені оңша жақтыра бермейтін. Екі күннің бірінде көшені басына көтеріп ұрыссып, шуылдасып жататынбыз. Бәлкім бала болғандықтан, осыны дұрыс деп білген болармыз, есейгенде бұның бәрі бос далбаса екендігін енді ұқтық. Мен атам үйіне аяндап кетіп бара жатқанымда, ол артымнан қуып жетті. Қуанышымнан аспанға ұшып кетуге сәл қалғандай едім, амандық-саулық сұрастық, көп әңгімелестік, себебі, бір-бірімізді ұзақ уақыт көрмеген едік. Осы әңгімеміз өз жалғасын екі жылдай табады де ешкім ойламаса керек.
*****
Бірде шөп пішенінің арасында ойнап жүрсек, үй маңына Ерден келді. Қолына жүректің суретін салып, ішіне «Е+А» деп жазып алыпты, қажет болса пышақпен қан шығарып, із қалдыра аламын дейді жігітіміз. Біз бәріміз ду ете қалдық. Осындай қызықты оқиғалар басымыздан көп өтті. Анда-санда тәтті кәмпиттер, «Сникерс», шекілдеуік алып келіп тұратын. Бала болғандықтан азаннан күн батқанға дейін асыр салып ойын ойнаймыз. Осы ойынның өзін махаббат деп ойлап қалған шығармыз. «Сөз – сүйектен өтеді» деп, қазағым бекер айтпаса керек. Маған қымбат жанды бір-ақ сөзбен жаралаған сияқтымын, осыдан кейін бір жол ат құйрығын кестік. Арада қанша уақыт өтті, сегіз көктем, сегіз қыс ауысты. Бірақ жүрек түкпірінде оған деген сағыныш өрті еш уақытта өшкен емес. Оқушылық кезден өтіп, студент атандық, қолға диплом алып, өз мамандығымыздың қамырында илендік. Бір ауылдың қызынан оның әскерден келгендігін естідім, кейде туған әпкесін көріп тұратынмын. Бірақ осындай Көкшетау сияқты шағын қалада оны бірде-бір рет көрмеппін. Мүмкін бұлда дұрыс шығар, көрсем не айтамын, әлде байқамаған сынай танытып өтіп кетем бе? Осылай уақыт өз қызығы мен шыжығына толы ағымында жылжып келеді.
****
Қазір технологияның дамыған заманында, агенттің құдіреттілігі шарықтап тұр. Бұл үшін сөйлесіп, жүздесудің де қажеті шамалы, тез және жылдам хат-хабар ала аласын шіркін! Дариға деген құрбымның жағдайын сұрастырып отырғанымда, ол маған былай деп жазып жіберіпті: «Я видела твоего Ердена, он не изменился». Дариға кішкентайымнан төтелес өсіп келе жатқан досым еді, ол да Ерденді білетін. Осы сөзден кейін ойым жан-жаққа шашылып, сансыз сұрақтар мазалап, енді не істесем екен, қайдан тапсам екен, сыртынан бір рет көрсем екен деген ой туындап, «Мой мир» желісінде тауып алдым. Біз ұзақ сырластық, менің мәңгі бала махаббатымның ержеткендігін байқадым. Ой түзепті, бой түзепті. Бір өкініштісі сөз сарынынан мені ұмытқандай байқалады. Бәлкім табиғатымнан нәзік болған соң, бәрін іштей саралап, ойлап, пішіп, мазасыз ойға тереңінен үнілген шығармын. Арада сегіз жыл өтті, екеуміз жолдың екі жағында жүріппіз. Мен жоспарлаған болашақта – ол кіршіксіз пәк, адал, таза, алғашқы махаббат болып қалғандығын қалаймын. Өмірде сан рет жығылып, құлап қалған сәтімде, оны есіме алып, жаныма демеу еткім келеді, себебі, ол ешкімнің көз жасы төгілмеген, жаны ауырмаған махаббат.
Бүгін мен осы ортақ жерге бардым, кезінде қамалдай көрінетін үйдің орны бос екен…
Ақнәзік

1 комментарий

avatar
Алғашқы махаббаттарыңызды еске алып отырыңыздар.
Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.