Блог им. Ayazhok01 СТИВ ДЖОБС ЖӘНЕ GOOGLE ҚАЗАҚТЫҢ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?

Сіздің пікіріңізше «Рухани жаңғыру» деген не?

Бір минут үнсіздік....

Аяжан Мұхатай


Мүмкін ол, Саясат? Даму? Болашақтың кепілі? Бәлки, сіз өміріңізді 180 градусқа өзгертіп жіберетін бомба жаңалық деп ойлайтын шығарсыз? Жо-жоқ, Карл!

Біздің ел рухани дамуды әлімсақтан бастап кеткен халық) Неге десеңіз, Мейірхан Амангелиевтің рухани ұстазы Стив Джобс және оның алмасы, интернет ақсақал Google-дың үлесі өте зор. Дүлдүлдердің дүние жүзінің дамуына ерекше үлес қосып келе жатқаны даусыз ғой?! Иә. Оны төменде тізбектейтін боламыз.

Сөзімізге дәлел болсын әрі «Біреуді тыңдатқың келсе алдымен өзіңнен баста» принципін алға тарта отырып, өзімше шимай блог жазып көрейін…
Рухани жаңғыруды дәстүрлі не пафосты сөздерден бастағаннан гөрі басқаша стильде, өз көзқарасымда ашып көрейін. Оған тек бір мысал ғана қолданбақшымын. Және ол жаңғырудың ең алғашқы баспалдағы десек те болады. Бұдан бөлек мысалдарды тізбектеуге менің жүйке талшықтарымның шыдамы жете қоймасы анық. Ендеше кеттік…


«Заманың түлкі болса тазы боп шал» деп сонааау XIV-XV ғғ әрине қазақ атамыздың айтып кеткеніндей, қарыштап емес зымыранның жылдамдығындай дамып жатқан әлемде бірінші орында смартфон, гаджеттер тұрғаны белгілі.

Енді ең әуелі Піссімілләні осы смартфондардың шыққаныннан бастап көрейікші.
Ол қалай? Мысалы, алғаш қолымызға тиген смартфондарда тек қоңырау шалу, sms жазу сынды негізгі тетіктер ғана жұмыс атқарса, кейін келе жаңаша функциялар қосылып, қазіргі кезде қолымыздан түспейтін, жанымызда ұйықтайтын, жүрегіміздің бөлшегі, күн, ауа, суымыз болып кеткені өтірік емес.

БІРАҚ!

Көпшіліктің миында сақталып қалған ЖАЛҒАН көзқарас бар. Ол: жастар таңнан кешке дейін шұқылап, бір-бірімен жазысып, ойын ойнайды деген қате пікір.
Қазір ақпараттық технологиялардың барлығы дерлік онлайнға өтіп жатыр. Құжат рәсімдеу, кезекке тұру дегеннен бастап, ең аяғы сөздіктер, түрлі әдеби, діни, поэзия кітаптары телефонда.
Осы жайлы кеңірек: Сіздің смартфоныңыз бар делік. Уот, сол гаджетіңізде сізге қажетті дүниелердің барлығы бар. Мысалы, басқа қалаға барсаңыз, карта телефоныңызда, интернетіңіз болса жеткілікті. Одан бөлек, біз уақытымызды барынша үнемдеу үшін кітаптарды да телефонға сыйдырдық. Поэзия, әдебиет, шығыс, шет ел әдебиеттері, өз қаламыздың ақындарының кітаптарына дейін тегін оқи аласыз. Іздеп, аяқтан тозбайсың! Міне, рухани жаңғыру! Қаланың бір басынан екінші басындағы кітапханаға жеткенше ойыңыздан айнып, бағытыңызды дереу өзгертіп жіберуіңіз мүмкін немесе желкеңіздегі «жалқау Аяжан»артқа тартып, демалыста кітапханаға барудан айнытып жүруі бек мүмкін ғой? Ондайдың алдын алу үшін тегін мобильді бағдарлама жүктеп, рахаттанып кітабыңызды оқыңыз, мархабат!

Кітаптан бөлек, жаныңызға жақын тақырыптар, мысал үшін, алыс қалаға баруға мүмкіндік жоқ, бірақ курс оқығыңыз келеді. Не істейсіз? Уо, онлайн курс! Бұл тұрғыда блогер Нұрлан Жанай style мысал бола алады. Ол, WhatsApp желісінде English Practikum группасын ашып, жүздеген адамға ағылшын тілін үйрететін топ құрды. Сол арқылы алыс-жақындағы ағайынның бәрі бір телефонның ішінде, байланыста. Тапсырмаларын алады, орындайды, Skype арқылы видео, вебинарлар қарайды, практика алмасады. Жаңғыру! Қолжетпейтін дүние емес. Қалтаңыздағы төртбұрыштың ішіне сыйған кішкентай өмір!

Рухани нәр аламын десеңіз, міне, саяхатшы адамдардың жазған блогтары мен түсірген суреттерін оқып-ақ, тамашалай беріңіз. Бір сәт қиялдап, өзіңіз де сапарлатып қайтыңыз. Жаңғырыңыз!

Біз жүгіріп жүрген әлемдегі жаңғыру тек қағаздағы қол мен төбеден келетін бұйрықтар ғана емес, ол өзіміздің ішкі гармониямыздың үйлесуі, ой-санамыздың жаңғыруы, дамуы, өзімізді дамыту. Сол арқылы елімізге пайда келтіріп, миллионнан біреуінің қолтаңбасы болу. Менің көзқарасымдағы жаңғыру осы...

0 комментариев

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.