Блог им. zhadraaubakirova Тамаша романнан қалған әсер!!!

Бүгін қолыма өте жақсы шығарма түсті. Кітапхана сөресінде көзіме шоқтай басылған осы бір кітап ойымнан шықпай қойды. Осы кітаптың бір бетінде қалдырмастан түгел оқып шықтым. Денсаулығыма байланысты үйде жатып қалғасын, бос уақытымды зая кетірмейін деп осы кітапты әдейі жаздырып алдым.




Қолыма түскен Естай Мырзахметұлы атамыздың «Медет» романы. Әсемдігі көз тартады, әріптері оқу үшін ыңғайлы, үлкен қаріппен терілген екен. Алғашқы бетінде Естай атамыздың суреті бар. Әрине бұл кітап қолыма өте кеш түсті. Аға буын өкілдері осынау тамаша туындыны оқып, зерделеп болған болар. Дегенмен, мен үшін автор шығармашылығымен танысудың реті түсті. Ғажайып бір тылсым бойымды жаулап алды. Өте әсерлі жазылған дүние екен. Осының барлығын жай емес, өзімдей жастар оқып шығар деген оймен жазып отырмын. Кейіпкерлермен бірге күңіреніп, бірге қуандым. Өмірімде бірінші рет осындай күйге түстім.



Біздің өмір мен шығармадағы өмір айырмашылығы жер мен көктей. Өрімдей жас жігіттің өмірге, білімге деген құштарлығы, жастар арасындағы бояусыз, таза достық, бір – бірлеріне деген сыйластық. Медет пен Айнұр арасындағы пәк махаббат, Асыл ананың ақ ниеті, Шәкендей қарияның парасаттылығы. Ақтан, Жұмат, Петькадай достар арасында қыл өтпейтіндей татулық. Осының барлығы оқыған адамды ойға қалдырады екен. Өмір қара ниет адамдарсыз болмайды, ол өмір заңдылығы. Дегенмен олардың ойлаған жамандықтары іске аспай, лай суда қалғандары үшін шын қуандым. Елуінші жылдардағы Көкшенің суреттелуі ерекше.
Күн сайын жұмыс, ақша, қоғамдағы орын үшін таласқан заманда, біздер қарапайымдылық, адамгершілік пен шынайы махаббатты, достар арасындағы сыйластықты ұмытқандаймыз. Әр адам өз уақытына қарай төсілуі керек деген ұғым қалыптасқан. Осыған қарамастан адами қасиеттер бойымызда әр уақыт сақталуы керек. Қазіргінің ұлдары Медеттей, қыздары Айнұрдай болса қандай ғажап. Барлық оқырман қауым осы кітапты оқып шықса игі болар еді. Тек жақсылыққа ұмтылып қолдағы бар алтынның қадірін білейік.

1 комментарий

avatar
Барлықтарыңызды бірге оқуға шақырамын.
Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.