Спорт Шың ер жеңсе, тасымас

Ел намысын қорғап жүрген алаш ұлдарының спортта ауыз толтырарлықтай жетістікке жеткені біз үшін зор мақтаныш. Әлем аренасында шоқтығы биік қазақ мемлекетінің көк туын желбіреткен ұл-қыздардың халық алдында мерейі үстем, абырой-беделі қашанда зор болмақ.


Бүгінде спорттық шеберлігімен ел назарына іліккен балғын бозбалалардың аяқ алысы жаман емес. Қазіргі таңда дзюдошыларымыздың арасында болашағынан үлкен үміт күттірер бірталай спортшылар көрініп жүр. Соның ішінде, өзінің өнерімен көпшілікті тәнті еткен, ата-анасының көз қуанышы, БЖСМ палуаны Ерхан Ғаббасовтың Түркия мемлекетіндегі Анталия қаласында 2000-2002 жылғы жасөспірімдер арасында өткен «Еуропа кубогы» дзюдо жарысынан қола медальға ие болуы өңіріміздің беделін бір асқақтатты десек артық етпес.

-Бекболат Жұманиязов, сұхбаттасуға ықылас танытқаныңыз үшін рахмет. Жемісті жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Жалпы шәкіртіңіз жайлы өз ой-пікіріңізбен бөліссеңіз? Оның басқа палуандардан ерекшелігі неде?

-Ерханның алғашқы бапкері ¬- өңірімізге танымал ардагер ұстаз, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайыркен Біләлұлы. Сегіз жасынан дзюдомен айналыса бастады. Он жасында менің тәрбиеме ауысты. Топ ішінен ол салмақтылығымен, еңбекқорлығымен, табандылығымен, спортқа әуестігімен, мақсатқа жетуді көздеген талпынысымен ерекшеленді. Әр жаттығуда берілген тапсырманы тиянақты орындайтыны, өзге жасөспірімдерді спортқа шақырып жүретіні ерекше қуантады.

-Анталия қаласында өткен «Еуропа кубогы» жарысы жайында әңгімені тарқатып айтып берсеңіз? Қиындықтар орын алды ма және азаматтар тарапынан қандай да бір қолдау көрсетілді ме?

-Жалпы аталмыш жарысқа жүлделі орынды иеленген палуандар ғана қатысатындықтан, біршама қиындық болғанын жасырмаймын. Әсіресе, қаржы мәселесі туындайтыны, айналып келгенде бәрі ақшаға келіп тірелетіні баршамызға аян. Осы проблема бойынша Ақмола облысы басқармасына бірнеше мәрте барып жолыққан едім. Бірақ, қаражатты наурыз айының аяғында беретіні қатты қынжылтты. Ал, жарыстың 3-5 наурыз аралығында өтетінін естігенде үлгермейміз деген қорқыныш басым болды. БЖСМ директоры Сәрсенбек Өтеповпен ақылдаса келе, қол ұшын созатын азаматтарды іздестіруге кірістік. Сөйтіп, үнемі көмек көрсетіп, жомарттық танытып жүретін БЖСМ-нің бұрынғы түлегі Қазбек Бөкешевке хабарластық. Мән-жайды түсінген ол кісі бірден келісті. Міне, нәтижесі көз алдарыңызда: Ерханның үлкен сапарға аттануы бірқатар демеушілердің арқасы. Мүмкіндікті пайдалана отырып, ұлын үкілі үмітпен алыс шет елге жарысқа қосуға маған сеніп тапсырған ата-анасы Жақып және Махаббат Сағындықовтарға, мектеп директоры Сәрсенбек Темірғалиұлы мен тілектестік ниетпен қолдау көрсеткен барша жандарға алғысымды білдіремін.
Қазақстан құрамасы сапына жалпы 70-тен аса ұл-қыз іріктелді. Алматы қаласында онкүндік жиында тиісті дайындық өтті. Шәкіртімнің уақтылы тынығуына, дұрыс тамақтануына, үзбей жаттығуына баса мән бердім. Қандай да бір қателік байқалса, бірден түзетуге ден қойдым. БЖСМ бапкерлерін еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнирдің басталуына орай, Ерейментауға қайтатынымды, Түркияға бірге бара алмайтынымды естігенде Ерханның көңіл-күйі босап қалды. Сондықтан жарысқа аттанар сәтте боз кілемде бар күш-жігерін салатынына, шаршы алаңда топ жарып шығатынына, татамидің шебері атанатынына сенім білдіретінімді айттым. Шынымды айтсам, оқушымның күткен үмітімді ақтайтынына сенімді болғаным соншалық, жарыс болар алдында таңға жуық бір қызықты түс көрдім. Онда үкілеген палуанымның 3 орын иеленгенін естігенде қуаныштан жарыла, жалпақ елге жар салып жүргенім қызық жағдай еді. Отбасыммен бірге теледидар алдында тапжылмай жанкүйер болған әрі іштей уайымдаған сәтімізді сөзбен жеткізудің өзі қиын. Жарыстың ақтық нәтижесі бойынша Қазақстаннан барған 7 ұл, 3 қыз жүлделі орындарды қанжығасына байлады.

-«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», дейді дана халқымыз. Талапты бозбаланың жеткен жетістіктері де аз емес-ау деймін. Кеңірек ақпар берсеңіз?

-Ең алғаш 2012 жылы Теміртау қаласында жыл сайын өтетін «Огни магнитки» Халықаралық жарысында 8 мемлекеттің арасынан 34 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 3 орынмен көтермеленді. Дәл осы жетістігін биыл да боз кілемде дәлелдеп берді. 2015-2017 жылдары Ақтөбе, Степногорск, Сарыағаш қалаларында өткен дзюдо, қазақша күрес ҚР Чемпионатында жүлделі 2-3 тұғырға табан тіреді. Сондай-ақ, ел, жер көрсін, татамиде шыңдалсын деген ниетпен Германия, Ресейдегі әлемдік жарыстарға жібердік. Биылғы жылы Тараз қаласындағы ҚР Чемпионатында жүлделі орын алды. Ерханның әлі талай белдесулерде мол тәжірибе жинақтап, бақ сынайтыны, биіктерді бағындырары сөзсіз.
-Бізде талантты балалар бар ма? Тәрбиеленушілеріңізге нендей талап қоясыз? Қай түлектеріңізді мақтан етесіз?

-Иә. Әрбірінің түсін түстеп, бөліп-жарғым келмейді. Барлығы мен үшін теңдей. Дегенмен, Мұхамедәли Совет, Хаджмұрат Теміртасов, Тамерлан Смат, Таип Серікбай, Диас Поезбаев, Дамир Жақсылықов, Әл-Фараби Жәкенов, Арман Бейсенов, Асхат Біләлов, Назгүл Махметова секілді шәкірттерімнің болашағынан зор үміт күтемін. Ең басты талап – еңбек. Егер күндіз-түні еңбектенсе жеңіске жетері анық. Шәкірт тәрбиесінде: «Кілемге шық та, өзіңнің мықты екенінді дәлелде. Тек бір рет жеңдім деп асып-тасыма, жайбарақат отырма», деген қағиданы ұстанамын.
Ал, кешегі түлектерге келсек, Анура Советова нәзік жандылар арасындағы самбо күресінен екі дүркін чемпион, Әділ Қапсәләмов 60 келі салмақ дәрежесінен тұңғыш чемпион, Мақсат Мағрұпов қазақ күресінен Қазақстан жүлдегері, Рамазан Мағрұпов самбодан Қазақстан чемпионы, Азат Анафин, Әлиасқар Қуандықов, Жантай Төлеген республикалық, аудандық жарыстардың жеңімпаздары атанған еді.

-Келешекке қойған мақсат-міндеттеріңіз бен басты жоспарларыңыз туралы айтсаңыз?

-Әрине. Арман-тілегіміз көп. Оған жету үшін күн демей, түн демей аянбай еңбек етудеміз. Алдағы уақытта Ресей, Германия, Қырғызстан мемлекеттеріндегі жарыстарға қатысу жоспары күн тәртібінде басты назарға алынды. Болашақта шәкірттерімнің әлем, Олимпиада чемпионы атануын қалаймын. Бұйыртса ,әрі қарай көре жатармыз.

P.S. Иә, кейіпкеріммен сұхбаттасқан сәтімде палуанның бапкері болу оңай шаруа емес екендігін түсіндім. Бар білгенінді үйрету, үнемі бақылап жүру, әр басқан қадамына аса жауапкершілікпен қарау ұстаздың міндеті. Ал, шәкірті жеңіске жетсе бірге қуану, жеңіліске ұшыраса бірге қамығу баршаның басынан өтетін таңсық жәйт. Спорт майталмандарын тәрбиелеу жолында мінезді, тәжірибені, білім мен біліктілікті талап ететін қыр-сыры көп майданда бапкерлердің еңбегі ерең. Тек спортта ғана емес, өміріне де керекті азықты беретін, рухани құндылыққа байытатын, былайша айтқанда екінші әкесіндей болған бапкердің еңбегіне жеміс, қызметіне табыс тіледік.
Ал, жақында БЖСМ бапкерлерін еске алуға арналған республикалық турнирдің жабылу салтанатында аудан әкімі Ермек Нұғыманов арнайы келіп Ерхан Ғаббасовты жеңісті жетістігімен құттықтады, бағалы сыйлық табыстады. Ағасының жолын қуған талапты бала тек Ерейменнің емес, Қазақстанның намысын қорғап жүрген Ақмола облысынан шыққан жалғыз жас спортшы екен. Ендеше, Ерханға алдағы уақытта әлем алдында мемлектіміздің белді спортшысы, еліміздің бетке ұстар азаматы атануына тілекшіміз.

Гүлдана ҚАНАПИЯНОВА.

0 комментариев

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.