Спорт World Judo Championships Budapest 2017 һәм Гүлжан Исановамен сұхбат

Дзюдофанмын деп алдыңғы жазбамда жазған болатынмын. Енді, міне, келесі жазба осы тақырыпта болып тұр. Мархабат )

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ


«Спорт-денсаулық кепілі» дегенге мектеп қабырғасында құлағымыздың құрышы қанған болатын. Енді міне, соған көзіміз 100% жетіп келеді. Неге десеңіз, спорт әлемі күн сайын жақсы жаңалықтарымен толығып жатыр. Олай дейтін себебім, бір ғана дзюдоны алып қарасақ соңғы екі айда қатысқан жарыстарымыздан құр қол келмеген екенбіз. Атап айтар болсақ, өткен шілде айында Қытайдың Хух-Хота қаласында өткен әлемдік Гран-При, Германияның Саарбрюккен қаласында өткен Еуропа кубогі, Қырғызстанда Юниорлар (Жастар) арасындағы Азия чемпионаты, Қырғызстанда кадеттер арасында Азия чемпионаты, Минск қаласындағы ашық Еуропа кубогі, Гонконгте жастар арасындағы Азия кубогі сынды бәсекелерде топ жарсақ, енді міне, осы айда, яғни, 19-30 тамыз аралығында Тайпейде 29-шы жазғы универсиада ойындары басталады. Ал, дзюдо бойынша жарыстар 20-24 тамыз аралығында деп белгіленген, оған 15 спортшы қатысады. Одан соң 9-13 тамыз аралығында Чилиде өтетін Кадеттер арасындағы Әлем чемпионаты және 28 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтетін жылдың ең маңызды додасы Әлем чемпионаты басталады. Дзюдоның тарландарын тізіп шығу мүмкін емес. Әлемдік рейтингте үздіктердің қатарында тұрған балуандарымыз тартысты додада өз бақтарын тағы бір мәрте сынайды.
Көптен күткен бәсекеге әлемнің әр түпірінен 200-ден астам дзюдошылар қатысады деп күтілуде.
Әрине, Қазақстан атынан да еліміздің үмітін арқалап, сенімін ақтау үшін біздің спортшылар барын салып дайындалуда. Испаниядағы оқу-жаттығу жиыны, Бурабайдағы оқу-жаттығу жиындарын өткізген дзюдошыларымыз үлкен додада сынға түсуге дайын. Сонымен, Қазақстан ұлттық құрама командасынан 18 дзюдошы ел намысын қорғамақ. Олар:
Ерлер:
Елдос Сметов ( 60кг)
Ғұсман Қырғызбаев (60кг)
Азамат Мұқанов (66кг)
Елдос Жұмаханов ( 66кг)
Жансай Смағұлов (73кг)
Азиз Қалқаманұлы (81кг)
Ислам Бозбаев (90кг)
Максим Раков (-100кг)
Ержан Шынкеев (+100кг)
Әйелдер:
Отгонцэцэг Галбадрах ( 48кг)
Севара Нышанбаева (57кг)
Анна Казюлина (57кг)
Мариан Урдабаева (63кг)
Ділбар Өмірәлиева (63кг)
Зере Бектасқызы (70кг)
Альбина Амангелдиева (- 78кг)
Зарина Райфова (-78кг)
Гүлжан Исанова (+78кг)

Құрама мықты. Себебі, бұндағы әр спортшының осы чемпионатқа дейін жеткен әрбір жетістігі мақтануға тұрарлық.

Әлем чемпионатына +78кг салмақта ел намысын қорғайтын, Дзюдо және Самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2009 жылғы Азия чемпионы, дзюдошымыз Гүлжан Исановадан Әлемдік доданың алдында алған сұхбатты оқи отырыңыздар:

-Гүлжан апай, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!

— Рақмет!

-Біз сізді Азия чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы ретінде жақсы танимыз. Және әр жарысты жібермей көріп отыруға тырысамыз. Жалпы, татамиге шыққанда қобалжу жиі бола ма, әлде психологиялық жағынан жақсы дайындаласыз ба? Жалпы, қобалжуды қалай жеңесіз? Көп спортшылар осы жағынан ақсап қап жатады ғой.

— Қобалжу деген жалпы кез келген спортшыда болады, енді мен өз басым сондай қатты қобалжимын деп айта алмаймын. Дегенмен, осы спорт түрімен қанша жыл болды ғой айналысқаныма. Жалпы, қобалжу дегенді өз ойым қалыпты жағдай деп ойлаймын.

— Әлем чемпионатына дайындығыңыз қалай?

— Жақында ғана Щучинскта оқыту жаттығуында болдық, дайындығымыз жақсы өтті. Жалпы, Әлем чемпионатына 1 жыл көлемінде қаншама жарыстар, қаншама жаттығулар болды ғой. Осының бәрі біздің дайындығымыз. Қалғанын татамиде көреміз.

-Испанияда және Бурабайда өткен оқу-жаттығу жиындарында неге көбірек басымдық бердіңіздер? Қай жағынан көбірек дайындалдыңыздар?

-Испанияда өткен жаттығуымыз, халықаралық лагерь деп аталады, яғни ол жаққа шет елден көптеген спортшылар болды. Ол жақта көбінесе біз өз қарсыластарымызбен күрестік. Бурабайда өткен оқу жаттығуында жан-жақты өтті, күрестегі техника, тактика, физикалық жағынан да дайындалдық. Жан-жақты өтті деп ойлаймын.

— Осы Әлемдік додада немесе жалпы жарыстарда жүрген дзюдошылар туралы пікіріңіз қандай, және осыған дейін қарсылас болып келген басқа мемлекеттің спортшыларынан басты қарсылас ретінде қай елдің дзюдоистерін атар едіңіз?

-Жалпы әлемдік додада жүрген дзюдошылар туралы пікірім, осындай үлкен додаға қатысып жүргендіктен осал қарсылас жоқ деп ойлаймын. Дзюдо күресі өте дамып кеткен спорт түріне жатады ғой әлем бойынша. Кез келген мемлекеттің спортшылары мықты деп айтамын. Осындай үлкен жарысқа қатысатын спортшылар олар жәй келмейді, қаншама еңбекпен келеді. Дзюдо күресі жалпы «Непредсказуемая» дейді ғой. Сен кезкелген мықтыны алып тастай аласың, немесе енді келген жас спортшыдан ұтылып қала аласың.
Өз салмағымдағы басты қарсыластарым Жапон, Қытай, Француз мемлекетінің спортшыларын айта аламын.

-Өзіңізден кейінгі орта буын, жастардан кімдерді айтасыз, ізбасарларыңыздан жарыстарда топ жарып жүргендерден кімдер бар? Шәкірттеріңіз десек те болатын шығар.

-Жалпы, мен өз басымды алсам шәкірттерім жоқ. Өйткені, мен өзім әлі күресіп жүрмін. Жас қыздар өсіп келе жатыр. Менің салмақ дәрежемде Жастар арасында Азия чемпионы Камила деген жас спортшы өсіп келеді. Мен оны ертең ересектер арасында да жақсы өнер көрсететін шығар ойлаймын, деп.

-Гүлжан апай, сөз соңында өзіңіздің жанкүйерлеріңізге, дзюдофандарға айтар лебізіңіз болса?

-Бұл өмірде ең басты еліміз аман, жеріміз тыныш болсын. Бізді қолдайтын бірінші Алла, кейін халқым ғой. Әрқашан да біздің тілеуімізді тілеп отыратын жанкүйерлерімізге алғысымыз шексіз. Рахмет сіздерге. Сіздердің үміттеріңізді ақтаймыз деген сенімдемін.

Үлкен рақмет. Байрақты бәсекелерде жеңісті күндеріңіз көп болсын! Ақ жол тілейміз!

0 комментариев

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.